Астана қаласы бойынша ҚАЖД-да 20 жас қызметкер ант қабылдады
Қазақстан полициясы күніне орай Астана қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде жас қызметкерлердің салтанатты ант қабылдау рәсімі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара барысында ішкі істер органдарына жаңадан қабылданған 20 жас қызметкер Отанға адал қызмет етуге, заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтауға, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға ант берді.

Салтанатты рәсім кезінде департамент бастығының орынбасары мен Ардагерлер кеңесінің төрағасы жас мамандарға қызметтік міндеттерді адал атқарудың маңызын түсіндіріп, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі жауапкершілік пен кәсіби этика қағидаттарына тоқталды. Олар жас қызметкерлерге ақ жол тілеп, ел қауіпсіздігі мен қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету жолындағы қызметтің мәртебелі әрі жауапты міндет екенін атап өтті.
Ант қабылдау рәсімі – жас қызметкерлердің құқық қорғау саласындағы алғашқы маңызды қадамдарының бірі. Бұл олардың таңдаған мамандықтарына деген адалдығы мен жауапкершілігін айқындайтын маңызды кезең саналады.
Іс-шара соңында жас қызметкерлерге сәттілік тілініп, олардың алдағы қызметі азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, заң үстемдігін нығайтуға бағытталатыны айтылды.
