Ақмола облысында көліктің өртену фактісі бойынша тергеу жүргізілуде
Степногорск қаласында көліктің өртену фактісі бойынша тергеу жүргізілуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
28 маусым күні Степногорск қаласының полиция басқармасына Пригородный кентінде Nissan Primera автокөлігінің өртенгені туралы хабарлама келіп түсті.
Сол күні көлік иесі полицияға арызданған. Оның айтуынша, кешкі сағат 17:00 шамасында белгісіз ер адам өзіне тиесілі автокөлікті қасақана өртеп жіберген.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер аталған қылмысқа қатысы бар деген күдікпен қала тұрғынын анықтады. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдікті – егде жастағы ер адам.
Тергеу барысында анықталғандай, мас күйде болған күдікті автокөліктің терезесін сындырып, сөндірілмеген темекі тұқылын салон ішіне тастаған. Соның салдарынан көлік өртенген.
Жауап алу кезінде күдікті сол күні алкогольдік ішімдік ішкенін айтып, қатты масаң күйде болғандықтан оқиғаның мән-жайын толық есіне түсіре алмайтынын жеткізген.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, күдіктінің әрекетіне құқықтық баға берілетін болады.
Полиция алкогольдік ішімдіктерді шамадан тыс тұтыну азаматтарды құқыққа қайшы әрекеттерге итермелеп, ауыр материалдық шығынға және қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін ескертеді.
