Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбелік курсант самбодан Азия чемпионы атанды

Филиппин Республикасының Манила қаласында өткен самбодан Азия және Мұхит аймағы чемпионатында Қазақстан Республикасының ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының 1-курс курсанты, ІІМ-нің "ARLAN" спорт клубының мүшесі Бекберген Нұргүл жарқын жеңіске жетті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Әйелдер арасындағы +80 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған жас спортшы жоғары спорттық шеберлігімен, қайсар мінезімен және жеңіске деген мықты жігерімен ерекшеленіп, қарсыластарының бәрінен басым түсіп, чемпионаттың алтын медалін иеленді.

Осылайша Бекберген Нұргүл Азия және Мұхит аймағының чемпионы атанып, халықаралық додада Қазақстанның көк Туын көкке көтеріп, Мемлекеттік Әнұранымыздың шырқалуына себепкер болды. Бұл – спортшының жеке жетістігі ғана емес, еліміздің және білім ордасының мерейін үстем еткен үлкен жеңіс.

Бүгін чемпионды ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының бастығы Ғалымжан Есболаев, профессор-оқытушылар құрамы, курсанттар мен институт ұжымы ерекше құрметпен қарсы алып, жарқын жеңісімен құттықтады.

Бекберген Нұргүлдің бұл жетістігі – қажырлы еңбек пен үздіксіз дайындықтың, жоғары кәсіби шеберлік пен отансүйгіштік рухтың айқын жемісі. Оның жеңісі жас курсанттарға үлгі болып, оларды биік мақсаттарға ұмтылуға, табандылық пен ерік-жігерді серік етуге жігерлендіреді.

Ақтөбе заң институтының ұжымы Азия чемпионы атанған Бекберген Нұргүлді айтулы жеңісімен құттықтап, алдағы халықаралық жарыстарда да толағай табыстар мен жаңа биіктерді бағындыруына тілектестік білдіреді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру