Қарағанды облысында сотталғандар арасындағы жазғы спартакиада жеңімпаздары анықталды
Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша ҚАЖД-ның Долинка кентіндегі №30 мекемесінде сотталғандар арасында ұйымдастырылған жазғы спартакиаданың салтанатты жабылу рәсімі өтті. Бірнеше аптаға созылған спорттық жарыс қатысушыларды ортақ мақсатқа жұмылдырып, олардың жеңіске деген жігерін, тәртіпке деген жауапкершілігін және өзара қолдау мәдениетін нығайтты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Спартакиада барысында әрбір сайыс тек күш пен ептіліктің ғана емес, табандылықтың, төзімділіктің және командалық рухтың сыналар алаңына айналды. Қатысушылар адал бәсекелестік танытып, өз мүмкіндіктерін барынша көрсетуге ұмтылды.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, медальдармен және дипломдармен марапатталды. Сонымен қатар тәртіптілігімен, белсенділігімен және спортқа деген қызығушылығымен ерекшеленген бірқатар сотталғандарға алғыс жарияланды.
Спорт – адамның ерік-жігерін шыңдап, өзіне деген сенімді нығайтатын, жауапкершілік пен тәртіпке баулитын маңызды құрал. Осындай спорттық іс-шаралар сотталғандарды салауатты өмір салтына ынталандырып, олардың оң өзгерістерге ұмтылуына және қоғамға қайта бейімделуіне ықпал етеді.
Жазғы спартакиаданың қорытындысы қатысушыларға ең үлкен жеңіс – өзіңді жеңу екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
