Жамбыл облысында 200-ге жуық студент есірткіге қарсы шараға қатысты
Жаңатас қаласында көпсалалы колледждің 200-ге жуық студентінің қатысуымен “Есірткісіз болашақ” тақырыбында профилактикалық кездесу өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның мақсаты — кәмелетке толмағандар арасындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау және жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту.
Кездесуді Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, Сарысу ауданы әкімдігі, аудандық полиция бөлімі, есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес және “Нығмет Нұры” қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Кездесу барысында жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алу, есірткі және психоактивті заттарды қолданудың зияны, сондай-ақ өскелең ұрпақтың денсаулығы мен болашағына жауапкершілікпен қарауын қалыптастырудағы отбасы, білім беру ұйымдары және қоғамның рөлі талқыланды.
Сонымен қатар жасөспірімдер арасында құқықтық сауаттылықты арттыру мен ерте бастан алдын алудың маңызына ерекше назар аударылды. Мамандар нашақорлықтың жастардың денсаулығына, әлеуметтік бейімделуіне және болашағына үлкен қауіп төндіретінін атап өтіп, кез келген тәуелділікке қарсы тұрақты көзқарас қалыптастырудың маңызын жеткізді.
Кездесу соңында ұйымдастырушылар студенттерді салауатты өмір салтын таңдауға, спортпен белсенді айналысуға, қабілеттерін дамытуға және есірткісіз жарқын болашақ құруға шақырды.
