Елордада мереке күндері полиция қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етті
Елордада мереке күндері полиция қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада бірнеше күн бойы Астана күніне арналған мерекелік іс-шаралар өтті. Осы кезеңде полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері қоғамдық тәртіп пен қала тұрғындары және қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күшейтілген режимде қызмет атқарды.
Концерттер мен мәдени-көпшілік іс-шаралар өтетін орындарда полицияның күшейтілген жасақтары қойылды. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қоғамдық тәртіпті сақтады, жол қозғалысын реттеді, сондай-ақ тұрғындар мен елорда қонақтарының өтініштеріне жедел ден қойып, қажет болған жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсетті.
Елорда күні мерекесінің өзінде қаланың бірнеше алаңында жүздеген мың адам жиналған ауқымды концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Құқық қорғау органдарының үйлесімді жұмысының, барлық тартылған қызметтердің өзара іс-қимылының және азаматтардың жауапкершілігінің арқасында мерекелік іс-шаралар тыныш өтіп, ешқандай оқиғалар мен қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу фактілері тіркелмеді.
Адам көп жиналатын орындарда балалардың жоғалып кету жағдайлары жиі кездеседі. Сондықтан жаппай іс-шаралар кезінде полиция қызметкерлерінің маңызды бағыттарының бірі – жоғалған балаларды жедел іздеу және ата-аналарына қайтару. Осылайша, мерекелік алаңдарда полицейлер шамамен 100 баланы тауып, ата-аналарына қайтарды.
Әрбір өтініш түскеннен кейін полиция қызметкерлері дереу іздеу жұмыстарын бастап, нәтижесінде барлық балалар қысқа мерзім ішінде табылып, ата-аналарына аман-есен тапсырылды.
Полиция ата-аналарға жаппай іс-шараларға барған кезде балаларды қараусыз қалдырмауға, бала жоғалып кеткен жағдайда кездесетін орынды алдын ала келісіп алуға, сондай-ақ мұндай жағдайда жақын маңдағы полиция қызметкеріне жүгіну керектігін түсіндіруге шақырады. Осы қарапайым ережелерді сақтау артық алаңдаушылықтың алдын алып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі.
