Адамды бір батырмамен табу: Алакөл жағалауында 223 ақылды камера жұмыс істейді
Алакөл көлінің жағалауында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған заманауи цифрлық жүйе іске қосылды. Демалыс аймағына жасанды интеллект технологияларымен жабдықталған 223 бейнебақылау камерасы орнатылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғамдық орындардағы ахуал тәулік бойы полиция қызметкерлерінің бақылауында. Интеллектуалды жүйе құқық бұзушылықтарды жедел анықтауға, ықтимал қауіпті жағдайлардың алдын алуға, жоғалған балалар мен ересектерді іздеуге, сондай-ақ демалушылар абайсызда қалдырып кеткен ұялы телефондар мен өзге де жеке заттарды табуға мүмкіндік береді.
Биылғы курорттық маусымда жасанды интеллект мүмкіндіктері полиция қызметкерлерінің жұмысын едәуір жеңілдетіп, іздестіру шараларына жұмсалатын уақытты қысқартты. Бұрын мыңдаған демалушының арасынан жоғалған адамды табу үшін көптеген полиция қызметкерін жұмылдыруға тура келетін. Тәртіп сақшылары жағажайларды, демалыс орындарын және оларға іргелес аумақтарды жаяу аралап, іздеу жұмыстарын жүргізетін.

Қазір іздеу аппараттық-бағдарламалық кешенге енгізілген интеллектуалды жүйенің көмегімен жүзеге асырылады. Ол үшін іздеудегі адамның сыртқы белгілерін, соның ішінде киімінің түсі мен түрін жүйеге енгізу жеткілікті. Мәселен, "ақ жейде, қара шалбар»" деген сипаттама енгізілген жағдайда, жүйе бейнежазбаларды автоматты түрде талдап, көрсетілген белгілерге сәйкес келетін адамдарды экранға шығарады. Сонымен қатар олардың камераларға түскен орындарын және қозғалыс бағытын анықтайды.
Алынған мәліметтердің негізінде полиция қызметкерлері өтініш жасаған азаматтармен бірлесіп, іздеудегі адамның орналасқан жерін жедел анықтап, оған ең жақын полиция жасағын бағыттайды. Осылайша, бұрын ұзақ уақыт пен қосымша күш-жігерді қажет еткен іздеу жұмыстары бүгінде санаулы секунд ішінде басталады.

Цифрлық технологиялардың мүмкіндігі әсіресе кішкентай балаларды іздеу кезінде ерекше маңызды. Адам көп шоғырланған демалыс орындарында бала санаулы сәтте ата-анасының назарынан тыс қалып қоюы мүмкін. Интеллектуалды жүйе баланың сыртқы белгілері бойынша оның қозғалыс бағытын жедел анықтап, іздеу уақытын айтарлықтай қысқартуға көмектеседі.
Бейнебақылау камералары демалушылар жоғалтып алған ұялы телефондар мен басқа да жеке заттарды табуға да септігін тигізуде. Бейнежазбаларды зерделеу арқылы оқиғаның мән-жайы анықталып, жоғалған заттың ықтимал орналасқан жері белгіленеді.
Жасанды интеллект полиция қызметкерлерінің жұмысын алмастырмайды. Керісінше, ол азаматтардың өтініштеріне жедел ден қоюға, іздестіру жұмыстарын тиімді ұйымдастыруға және адамдар көп шоғырланатын демалыс орындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін заманауи цифрлық құралға айналды.
Абай облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға, тұрғындар мен өңір қонақтарына қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған заманауи технологияларды енгізу жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастыра береді.
