Ақтөбе облысы ПД бастығының орынбасары республикалық тас жолда азаматтарды қабылдады
Ақтөбе облысы ПД бастығының орынбасары республикалық тас жолда азаматтарды қабылдады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Самара – Шымкент республикалық автожолында "Жолдағы қабылдау" акциясы ұйымдастырылды.
Акцияның мақсаты – жол қозғалысынақатысушылармен ашық диалог орнату, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және оларды толғандырған мәселелерге жедел жауап беру.
Азаматтарды жеке қабылдауды Ақтөбе облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Ардан Саймағамбетов жүргізді. Кездесу барысында жүргізушілер мен жолаушылар жол қозғалысы қауіпсіздігі, әкімшілік заңнама талаптары, көлік құралдарын тіркеу, жүргізуші куәліктерін рәсімдеу, сондай-ақ полиция қызметіне қатысты өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.
Қабылдау барысында барлық азаматтарға заң талаптары жан-жақты түсіндіріліп, көтерілген мәселелер бойынша тиісті құқықтық кеңестер берілді. Сонымен қатар жүргізушілерге жылдамдық режимін сақтау, мас күйінде көлік басқармау, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау және жол мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығы түсіндірілді.
Ардан Саймағамбетов мұндай кездесулер халықпен кері байланысты нығайтуға, азаматтардың өтініштеріне жедел ден қоюға және өңірдегі жол қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Ақтөбе облысы полиция департаменті "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасының басты мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жолдардағы авариялық жағдайды төмендету және жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығын қорғау екенін еске салады.
