Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Балалар қауіпсіздігі – полицияның басты назарында

Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің бастамасымен "Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру аясында еліміздің барлық өңірінде балалар арасындағы құқық бұзушылықтардың, жазатайым оқиғалардың және кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың алдын алуға бағытталған ауқымды профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Аталған жұмыстардың басты мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, суға бату, биіктіктен құлау, суицид, жол-көлік оқиғалары және өзге де қайғылы жағдайлардың болуына жол бермеу, сондай-ақ балаларға қатысты жасалатын қылмыстардың алдын алу.

Профилактикалық іс-шаралар азаматтар көп жиналатын орындарды қамтиды. Атап айтқанда, базарларда, теміржол және автовокзалдарда, саябақтарда, демалыс орындарында, ойын-сауық нысандарында және басқа да қоғамдық кеңістіктерде полиция қызметкерлері тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Іс-шаралар барысында азаматтарға балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша негізгі талаптар түсіндіріліп, ақпараттық жадынамалар мен брошюралар таратылуда. Сонымен қатар қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған тақырыптық баннерлер орналастырылып, радиода және LED-экрандарда профилактикалық аудио және бейнематериалдар, сондай-ақ ақпараттық хабарламалар тұрақты түрде көрсетіліп жатыр.

Жазғы демалыс уақытында балалардың бос уақытын дұрыс ұйымдастыру мен олардың қауіпсіздігін бақылау мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі ата-аналарға балалардың қауіпсіздігіне барынша жауапкершілікпен қарауға шақырады.

ВИДЕОМАТЕРИАЛ

Ата-аналарға:

  • балаларды су айдындарының маңында және ашық терезелер жанында қараусыз қалдырмау;
  • олардың бос уақытын қайда және кіммен өткізетінін бақылау;
  • кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүруіне жол бермеу;
  • балаларға жол қозғалысы ережелерін және үйде, көшеде, демалыс орындарында қауіпсіз жүріс-тұрыс талаптарын үнемі түсіндіріп отыру ұсынылады.

Балалардың қауіпсіздігі ересектердің назарынан басталады. Ата-аналардың жауапкершілігі, тұрақты бақылауы және уақытылы жүргізілген профилактикалық әңгімелері қайғылы жағдайлардың алдын алуға, балалардың өмірі мен денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді.

Ішкі істер министрлігі кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жалғастырады.

Балалардың жазғы демалысын қауіпсіз әрі мазмұнды ұйымдастыру – олардың өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты кепілі.
Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру