Астанада полицейлер жоғалған 6 жасар баланы жедел тауып, ата-анасымен қауыштырды
Астана қаласы полиция департаменті Алматы ауданы полиция басқармасының қызметкерлері жоғалып кеткен 6 жасар баланы жедел іздестіріп, аман-есен ата-анасымен қауыштырды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Іздестіру ісіне Алматы ауданы Полиция басқармасының анықтау бөлімінің аға анықтаушысы Сержан Бөлегенов, және криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі Самғат Абжанбай ат салысты.
Оқиға таңғы уақытта болған. Ата-анасы жұмысқа дайындалып жатқан сәтте бала ешкімге айтпай, үйден шығып кетіп, жол бойымен туысының үйіне қарай бет алған. Біраз уақыттан кейін баланың үйде жоқ екенін байқаған ата-анасы бірден “102” арнасына хабарласып, оның жоғалғаны туралы мәлімдеген.
Үйлесімді және кәсіби әрекеттердің нәтижесінде бейнебақылау камераларының көмегімен баланың жүрген бағыты анықталып, аз уақыт ішінде бүлдіршін аман-есен табылып, ата-анасына табысталды.
Баланың ата-анасы полицейлерге шынайы ризашылықтарын білдірді.
