Атырауда ҚАЖ қызметкерлері арасында жазғы спартакиада өтіп жатыр
Атырау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ұйымдастыруымен қызметкерлер арасында жазғы спартакиада өтіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған спорттық іс-шараның негізгі мақсаты – қызметкерлердің дене дайындығын жетілдіру, салауатты өмір салтын насихаттау, ұжымдық бірлікті нығайту және қызметтік даярлықты арттыру.
Спартакиада бағдарламасына тоғыз спорт түрі енгізілген. Атап айтқанда, шахмат, асық ату, үстел теннисі, балық аулау, киберспорт, жылдамдыққа жүгіру, пейнтбол, волейбол және садақ ату бойынша жарыстар ұйымдастырылуда. Қатысушылар әр кезеңде өздерінің ептілігі мен төзімділігін, тактикалық ойлау қабілеті мен командалық үйлесімділігін көрсетіп, тартысты бәсекеде бақ сынауда.
Жарыстың екінші күні балық аулау, садақ ату, киберспорт және пейнтбол спорт түрлерінен жеңімпаздар анықталды. Әрбір сайыс жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтіп, қатысушылардың спортқа деген қызығушылығы мен жеңіске деген жігерін айқын көрсетті.
Жазғы спартакиада жалғасуда. Алдағы күндері волейбол мен жылдамдыққа жүгіру жарыстары өткізіліп, жалпы командалық есеп бойынша үздіктер анықталады. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз командалар мен жекелеген спортшылар арнайы дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Мұндай спорттық іс-шаралар қызметкерлердің кәсіби және физикалық дайындығын шыңдап қана қоймай, әріптестер арасындағы өзара сенім мен ауызбіршілікті нығайтуға, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға зор үлес қосады.
