Қостанай облысында экономикалық білімі бар полицейлер тауартану саласының сарапшылары атанды
Қазақстанда алғаш рет экономикалық білімі бар полиция қызметкерлері тауартану саласының сарапшылары атанды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың тапсырмасы бойынша Қостанай облысы полиция департаментінде сарапшылық кадрларды даярлаудың жаңа кезеңі жүзеге асырылды.
Қазақстанда алғаш рет экономикалық білімі бар полиция қызметкерлері арнайы оқудан өтіп, тауартану және азық-түлікке жатпайтын тауарларды сараптау саласы бойынша сарапшы біліктілігін алды.
Біліктілікті арттыру сертификаттары Қостанай облысы полиция департаменті жедел-криминалистикалық басқармасының қызметкерлері Карина Клименко мен Марат Жүсіповке табысталды. Сертификаттарды Қостанай облысы бойынша Сот сараптамалары институты филиалының басшысы Евгений Сохарев және Қостанай облысы полиция департаменті жедел-криминалистикалық басқармасының бастығы Нұрлан Арыстанов табыс етті.
Алынған жаңа біліктілік мамандарға қылмыстық істерді тергеу барысында қажетті тауартану сараптамаларын жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде сараптамалық-криминалистикалық қамтамасыз ету сапасын арттырып, сараптамаларды жүргізу мерзімін қысқартуға ықпал етеді.
