Павлодар облысында пробация қызметінің қызметкерлері профилактикалық іс-шаралар өткізді
Павлодар облысында пробация қызметінің қызметкерлері профилактикалық іс-шаралар өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтоғай аудандық пробация қызметінің қызметкерлері “Жасыл Ел” жастар еңбек жасағымен бірлесіп бірқатар профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырды.
Кездесу барысында жастарға құқық бұзушылықтың салдары түсіндіріліп, қолданыстағы заңнама талаптары туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар, заңды сақтау, салауатты әрі жауапты өмір салтын ұстанудың маңыздылығы айтылды.
Сондай-ақ аудан тұрғындарымен интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Азаматтарға алаяқтардың жиі қолданатын тәсілдері түсіндіріліп, олардың арбауына түспеу үшін сақтық шараларын сақтау қажеттігі ескертілді.
Іс-шараның қорытындысында пробация қызметінің қызметкерлері “Жасыл Ел» жасақ мүшелерімен бірге ардагерлерге көмек көрсетіп, олардың аулаларын тазалау жұмыстарына қатысты. Мұндай игі шаралар жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға, аға буынға құрмет көрсетуге және қоғаммен өзара ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.
