Қызметтік иттер қылмысты ашуға қалай көмектеседі
Жамбыл облысында полицейлер қызметтік иттердің қылмыстарды ашуға қалай көмектесетінін көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткір иіс сезу қабілеті мен ұзақ жылдық дайындықтың арқасында полицейлердің төрт аяқты көмекшілері күн сайын қылмыстарды ашуға, есірткі заттарын анықтауға және күдіктілерді ұстауға қатысады.
Жамбыл облысының полиция департаменті кинологиялық қызмет орталығында 40-тан астам қызметтік-іздестіру иті бар. Олардың қатарында неміс және бельгиялық овчаркалар, лабрадорлар мен ортаазиялық овчаркалар бар. Әрқайсысы арнайы даярлықтан өтіп, өз бағыты бойынша қызмет атқарады — есірткі құралдарын іздеуден бастап, қылмыскерлерді ізін суытпай қуып жету және ұстауға дейін.
Қызметтік иттер өңірдің автожолдарында полиция қызметкерлерімен бірге тұрақты түрде кезекшілікке түседі. Көлік құралы тоқтатылғаннан кейін кинолог итті автокөлікті тексеруге бағыттайды.
Егер ит тыйым салынған заттарды немесе бұйымдарды анықтаса, ол бірден өзінің кинологына арнайы белгі береді. Қажет болған жағдайда арнайы үйретілген иттер қашуға әрекеттенген күдіктілерді ұстауға да көмектеседі.
Бұл жұмыстың тиімділігі нақты нәтижелермен дәлелденуде. Жыл басынан бері Жамбыл облысында қызметтік иттердің көмегімен есірткінің заңсыз айналымына қатысты 38 қылмыс ашылды. Заңсыз айналымнан 209 келіден астам түрлі есірткі заттары тәркіленді. Сонымен қатар криминалдық полиция желісі бойынша кинологтар мен олардың төрт аяқты серіктерінің қатысуымен ізін суытпай тағы 11 қылмыс ашылды.
Қазіргі таңда полиция жұмысы кинологтардың тәжірибесін заманауи технологиялармен ұштастыруда. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде ұшқышсыз ұшу аппараттары да айтарлықтай көмек көрсетуде.
Олардың көмегімен полиция қызметкерлері жетуі қиын аумақтарды тексереді, құрамында есірткісі бар өсімдіктердің заңсыз егістіктерін анықтайды, күмәнді нысандарды табады және құқық бұзушылардың жүрген жерін жедел анықтауға ықпал етеді.
