Қызылордада рақымшылықпен алғашқы сотталған бостандыққа шықты
Қызылордада рақымшылықпен алғашқы сотталған бостандыққа шықты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы" Заң аясында Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №37 мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталған бостандыққа шықты.
Рақымшылық заңына сәйкес аталған азаматтың өтелмеген 4 ай жаза мерзімі Қызылорда қаласының №2 сотының қаулысымен қысқартылып, қылмыстық жауаптылықтан босатылды.
– Рақымшылықпен бостандыққа шығып жатқаныма қуанып отырмын. Бұдан кейін қылмыс жасамаймын. Ендігі мақсатым – отбасыммен қауышып, адал еңбек етіп, заң талаптарын сақтап, балаларымды дұрыс тәрбиелеу, – деді босатылған азамат.
Айта кетейік, рақымшылық туралы заң Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты мекемелерде жазасын өтеп жатқан 140-тан аса сотталғанға қолданылады.
Сонымен қатар Қызылорда қалалық пробация қызметінің есебінде тұрған 154 сотталғанға қатысты рақымшылық заңын қолдану жөніндегі материалдар сотқа жолданды. Оның ішінде 17 сотталған жазадан толық босатылуға жатады. Бүгінгі күнге дейін үш сотталғанға қатысты сот отырысы өтіп, сот қаулысымен олар жазадан босатылды.
