Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында бір күнде 6 сотталған әйел бостандыққа шықты

Абай облысында бір күнде 6 сотталған әйел бостандыққа шықты, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы бойынша ҚАЖ әйелдер колониясынан бір күнде бірден алты сотталған әйел бостандыққа шықты. Олардың әрқайсысы үшін бұл күн көптен күткен әрі ерекше қуанышты сәт болды.

Мекеме қақпасының алдында әйелдерді туған-туыстары мен жақындары қарсы алды. Аналарын, қыздарын және әпке-қарындастарын қарсы алуға Жетісу, Қостанай, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарынан, сондай-ақ Алматы мен Риддер қалаларынан туыстары арнайы келді.

Олардың жастары да, тағдырлары да, шыққан өңірлері мен алған жаза мерзімдері де әртүрлі. Алайда бұл күні олардың барлығын бір нәрсе біріктірді – айлар мен жылдарға созылған айырылыстан кейін жақындарымен қауышу бақыты.

Бостандыққа шыққандардың арасында Алматы қаласының 41 жастағы тұрғыны да бар. Жақын құрбысының сенімін пайдаланып, оның рұқсатынсыз атына екі миллион теңгеден астам сомаға несие рәсімдеген. Құрбысы бұл сатқындықты кешіре алмай, көп ұзамай әйел сот алдына тартылды. Сот оны үш жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

— Тек осы жерде ғана мен өз қателігімнің қаншалықты ауыр болғанын шын мәнінде түсіндім. Мен жақын адамның сенімінен айырылдым, ең қиыны – балаларымнан ұзақ уақытқа жырақ қалдым. Колонияда өткізген уақытымда көп нәрсені қайта сараладым. Енді туған-туыстарымның сенімін қайта ақтап, жұмысқа орналасып, өмірімді жаңадан бастағым келеді. Бүгін балаларым мен жақындарымның жанында бола алатыным үшін ерекше бақыттымын. Біздің отбасымыз үшін бұл – жаңа өмірдің бастамасы. Енді өткен қателіктерді артқа тастап, туғандарымызбен қарым-қатынасты қалпына келтіріп, болашағымызды еркіндікте құруға мүмкіндік туды, – деді 41 жастағы бұрынғы сотталған әйел.

— Әрбір адамның бостандыққа шығуының артында мекеме қызметкерлерінің күнделікті еңбегі жатыр. Біздің міндетіміз – адамның тек жазасын өтеуіне жағдай жасау ғана емес, оны қоғамға қайта бейімдеуге де көмектесу. Біз әрбір азаматтың бостандыққа шыққаннан кейін жаңа өмір бастауына, жақындарымен қарым-қатынасын қалпына келтіруіне және енді қылмыс жолына қайта түспеуіне мүмкіндік жасауға ұмтыламыз, – деді мекеме бастығының орынбасары Ақмарал Қайранова.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру