Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында полицейлер жағажайларда қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп жатыр

Абай облысында шомылу маусымы басталғаннан бері жағажай демалушыларына қауіпсіздік ережесі жазылған 800-ден аса жадынама таратылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жазда су айдындарында демалушылар саны артып, өкінішке қарай, жазатайым оқиғалардың да қаупі күшейеді. Әсіресе балалардың судағы қауіпсіздігі ерекше назар аударуды талап етеді.

Тәжірибе көрсеткендей, қайғылы жағдайлардың басым бөлігі ата-аналардың немесе заңды өкілдердің балаларды қараусыз қалдыруынан болады. Су жағасында небәрі бірнеше минутқа назардың бөлінуі орны толмас жағдайларға әкелуі мүмкін.

Балалардың өмірі мен денсаулығын сақтау – әрбір ата-ананың және қоғамның ортақ жауапкершілігі. Сондықтан балаларды су айдындарына ешқашан жалғыз жібермеу, олардың әрбір әрекетін бақылауда ұстау және қауіпсіздік ережелерін үнемі түсіндіріп отыру аса маңызды.

Полиция азаматтарды судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Ең алдымен, рұқсат етілмеген және арнайы жабдықталмаған жерлерде шомылудан бас тарту қажет. Демалыс үшін тек құтқару қызметі ұйымдастырылған, қауіпсіздігі қамтамасыз етілген жағажайларды таңдаған жөн. Мұндай орындарда ғана азаматтардың қауіпсіздігіне қажетті жағдайлар жасалған.

Шомылу кезінде қарапайым қауіпсіздік қағидаларын сақтау көптеген қайғылы оқиғаның алдын алады. Балаларды судың жағасында қараусыз қалдырмаңыз, жүзуді білмейтін балаларды арнайы құтқару құралдарынсыз суға жібермеңіз, сондай-ақ қауіпсіздік белгілері мен ескерту тақтайшаларының талаптарын бұлжытпай орындаңыз.

Абай облысында полицейлер өңірдегі жағажайларда кең көлемді профилактикалық іс-шаралар өткізуде. Тәртіп сақшылары демалушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, судағы қауіпсіздік ережелерін жан-жақты түсіндірді. Іс-шара барысында балалар мен ересектерге 800-ге жуық арнайы жадынама таратылып, тұрғындарға судағы қауіпсіздік талаптарын сақтау жөнінде жан-жақты ақпарат берілді. Мұндай алдын алу шаралары азаматтардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырып, қайғылы жағдайлардың алдын алуға бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру