Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада жастарға арналған ауқымды есірткіге қарсы акция өтті

"Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру аясында Астанада жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, есірткінің зияны туралы хабардарлықты арттыруға бағытталған ауқымды профилактикалық акция өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара елордадағы Ботаникалық бақта ұйымдастырылды. Акцияны Астана қаласы полиция департаменті ішкі саясат басқармасы, Білім басқармасы, "Есіл" ауданының әкімдігі, "Жасыл желкен" қоғамдық бірлестігі және еріктілер бірлесіп өткізді.

Шараның негізгі мақсаты – жастар арасында есірткіге деген теріс көзқарасты қалыптастыру, нашақорлықтың алдын алуға қоғам назарын аудару және салауатты әрі белсенді өмір салтын дәріптеу.

Акция барысында қатысушылар арқан тарту, секіртпемен секіру және кір тасын көтеру бойынша спорттық сайыстарға қатысып, өзара бақ сынады. Жеңімпаздар мен белсенді қатысушыларға бағалы сыйлықтар табысталды.

Сонымен қатар тұрғындар арасында нашақорлықтың алдын алу бойынша сауалнама жүргізіліп, есірткінің зияны туралы ақпараттық жадынамалар таратылды.

Іс-шараға қатысушылардың ерекше қызығушылығын Тазабек пен Тәртіпбек маскоттары және робот-иттің көрсетілімі тудырды. Балалар мен жастар кейіпкерлермен суретке түсіп, заманауи технологиялардың мүмкіндіктерімен танысты.

Профилактикалық шара жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, есірткіге мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыруға және салауатты өмір салтын таңдауға бағытталды.

Астана қаласының полиция департаменті нашақорлықтың алдын алу – құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Жастардың жарқын болашағы бүгінгі дұрыс таңдау мен бірлескен профилактикалық жұмыстан басталады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру