Жетісуда бейнебақылау камералары қоғамдық орындардағы мыңнан астам маскүнемдік фактісін анықтады
"Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру аясында Жетісу облысының полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді тұтыну және мас күйінде жүру фактілерінің алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарды күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл бағыттағы шараларға заманауи технологиялар да белсенді тартылуда. Жедел басқару орталығының қызметкерлері көшелер мен қоғамдық орындарда орнатылған бейнебақылау камералары арқылы тәулік бойы мониторинг жүргізеді.
Бейнекамералар арқылы қоғамдық тәртіпті бұзған мас азаматтар жедел анықталып, ақпарат жақын маңдағы полиция жасақтарына дереу беріледі. Полиция қызметкерлері оқиға орнына барып, заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылдайды.
Жыл басынан бері жедел басқару орталығының көмегімен қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішу және мас күйінде жүрудің 1001 фактісі анықталып, жолы кесілді.
Полиция алкогольді шамадан тыс тұтыну қоғамдық тәртіптің бұзылуына, тұрмыстық жанжалдарға, жол-көлік оқиғаларына және өзге де құқық бұзушылықтарға себеп болуы мүмкін екенін ескертеді.
Полиция тұрғындар мен өңір қонақтарын қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді тұтынбауға, заң талаптарын сақтауға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ортақ үлес қосуға шақырады.
