Үнсіз айғақтарды сөйлеткен криминалист
Оқиға орнында көзге түсе бермейтін әрбір із бен ұсақ бөлшек қылмыстың бетін ашатын маңызды дәлелге айналуы мүмкін. Павлодар ауданы полиция бөлімінің криминалисі Қанат Қашенов үшін үнсіз айғақтарды сөйлету – кәсіби шеберлік пен мінсіз дәлдікті талап ететін күнделікті жұмыс, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерінің жұмысында ұсақ-түйек болмайды. Кездейсоқ көрінген кез келген бөлшек қылмыстың бетін ашатын маңызды дәлелге айналуы мүмкін.
Көпшілік үшін оқиға орны ретсіздік пен бейберекеттікті білдірсе, Павлодар ауданы полиция бөлімінің криминалисі Қанат Қашенов үшін бұл – мұқият оқуды қажет ететін "кітап". Ол әрбір із бен детальға мән беріп, үнсіз айғақтар арқылы оқиғаның шынайы көрінісін қалпына келтіреді.
Қанат Қашенов – тәжірибелі криминалист. Оның қызмет жолы дәлдікке, кәсібилікке, заңға адалдыққа және көзге көрінбейтін ұсақ бөлшектерді байқай білуге негізделген.
– Менің басты жұмыс қағидам – кез келген деталь шешуші рөл атқаруы мүмкін. Біздің қызметте мұқияттылық, аналитикалық ойлау және жоғары жауапкершілік қажет. Криминалистің еңбегі – қылмысты ашудың берік іргетасы. Криминалистика асығыстықты кешірмейді, – дейді полиция қызметкері.
Оның әрбір жұмыс күні жоғары зейінділік пен дәлдікті талап етеді. Оқиға орнына шығу, аумақты мұқият қарау, микробөлшектерді іздеу, көзге көрінбейтін іздерді анықтап, тіркеу, заттай дәлелдемелермен жұмыс істеу – сырт көзге байқала бермейтін, алайда үлкен жауапкершілікті қажет ететін жұмыс.
Криминалист үшін бір ғана із, саусақ таңбасы, талшық немесе басқа да ұсақ бөлшек істің мән-жайын анықтауға көмектесетін маңызды айғақ болуы мүмкін. Сондықтан әрбір деталь мұқият зерттеліп, белгіленген тәртіппен тіркеледі.
– Кез келген деталь шешуші дәлелге айналуы мүмкін, – дейді Қанат Қашенов.
Криминалистің көзге көрінбейтін еңбегі азаматтардың құқықтарын қорғауға, қылмыс жасаған адамдарды анықтап, олардың жауапкершіліктен жалтармауына ықпал етеді.
Жоғары кәсібилік, жауапкершілік және мамандығына деген адалдық – полиция майоры Қанат Қашеновтің күнделікті қызметінің негізі. Ол үшін үнсіз айғақтарды "сөйлету" – жай ғана кәсіби міндет емес, шындықты анықтап, әділдікті орнатуға қосқан үлес.
