Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бірлік пен тәртіп: Абай облысындағы Үкілі ауылы ішімдіксіз өмір салтына көшті

Абай облысы Жарма ауданына қарасты Үкілі ауылы тұрғындардың ортақ бастамасы нәтижесінде ресми түрде ішімдіктен бас тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл бастама ауыл тұрғындарының қоғамдық тәртіпті нығайтуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және өскелең ұрпаққа қолайлы орта құруға бағытталған бірлескен еңбегінің нәтижесі.

17 шаңырақтан тұратын, шамамен 51 тұрғыны бар Үкілі ауылының тұрғындары алкоголь өнімдерінен саналы түрде бас тартып, ауылдағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге үлес қосып келеді. Бастама құқық бұзушылықтардың алдын алуға, отбасы құндылықтарын нығайтуға және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.

Осыған орай өткен кездесуде Жарма ауданы полиция бөлімі қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Дархан Берикболов тұрғындарға заң талаптарын сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

– Қоғамдық қауіпсіздік – әр азаматтың жауапкершілігінен басталады. Алкогольден бас тарту – құқық бұзушылықтардың, тұрмыстық жанжалдардың және өзге де келеңсіз жағдайлардың алдын алудың тиімді жолдарының бірі. Үкілі ауылының тұрғындары бірлік пен ынтымақтың арқасында маңызды бастама көтеріп, өзгелерге үлгі боларлық қадам жасады, – деді Дархан Берикболов.

Бастамаға Үкілі ауылының әкімі Аскербек Бердыкенов қолдау білдіріп, тұрғындардың ұйымшылдығын атап өтті.

– Бұл жетістік – бүкіл ауыл тұрғындарының ортақ еңбегінің нәтижесі. Біз үшін басты құндылық – халықтың амандығы, балаларымыздың болашағы және ауылымыздағы тыныштық. Алдағы уақытта да салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы жұмыстарды жалғастырамыз, – деді ауыл әкімі.

Ауыл тұрғындары да аталған бастаманы бірауыздан қолдайтынын жеткізді. Олардың пікірінше, береке мен бірлік бар жерде тәртіп пен тұрақтылық орнайды.

"Алкогольсіз ауыл" бастамасы – қоғамдағы өзара жауапкершілікті арттыруға, заңға құрметті қалыптастыруға және қауіпсіз ортаны нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Үкілі ауылының бұл тәжірибесі қоғамдық тәртіп пен салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында үлгі боларлық бастамалардың бірі болып отыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру