Маңғыстауда патрульдік полиция қызметкерлері жолда ауыр хәлдегі азаматты ауруханаға жеткізді
Маңғыстау облысында патрульдік полиция қызметкерлері жол бойында ауыр хәлде жатқан азаматқа дер кезінде көмек көрсетіп, оның ауруханаға жедел жеткізілуіне ықпал етті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға Ақтау – Жаңаөзен автожолында болған. Қызмет атқару барысында Маңғыстау облысы патрульдік полиция ротасының экипажы жарық шамдарын жағып, белгі берген автокөлікті байқайды. Көліктегі азаматтың көмек сұрап тұрғанын түсінген полицейлер бірден тоқтаған.
Жүргізуші көліктің ішінде денсаулығы күрт нашарлаған адамның бар екенін айтып, оны шұғыл түрде ауруханаға жеткізуге көмектесуді сұраған.
Полиция қызметкерлері уақыт жоғалтпастан ауыр хәлдегі азаматты қызметтік автокөлікке отырғызып, Жетібай ауылындағы ауруханаға жедел жеткізді. Осының арқасында науқасқа қажетті медициналық көмек дер кезінде көрсетілді.
Азаматтың өмірін сақтап қалуға көмектескен патрульдік полиция ротасының қызметкерлері – Балбай Ғалымжан және Багибаев Нұрсұлтан.
Патрульдік полиция қызметкерлерінің бұл әрекеті олардың тек жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, қиын жағдайға тап болған азаматтарға кез келген сәтте қолдау көрсетуге дайын екенін көрсетті.
Маңғыстау облысының полицейлері азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, адам өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда жедел әрі кәсіби көмек көрсету – қызметтік міндеттерінің ажырамас бөлігі екенін атап өтті.
