Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында полицей жоғалған малды табуға көмектесті

Павлодар облысында полицей жоғалған малды табуға көмектесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Аққулы ауданына қарасты Қызылағаш ауылдық округінің Бесқарағай ауылының тұрғыны Есемғазы Ардах учаскелік полиция инспекторына көмек сұрап жүгінген. Ол жұбайы жайылымға шығарған 17 бас қойдың жоғалып кеткенін хабарлаған.

Тұрғынның айтуынша, ауа райының күрт бұзылып, қатты жел мен жаңбырдың соғуы салдарынан мал өрістен адасып кеткен. Алаңдаған ауыл тұрғыны жоғалған қойларды іздеуге көмек көрсетуді сұраған.

Учаскелік полиция инспекторы Алтынбек Есентаев өтінішке жедел ден қойып, бірден іздестіру жұмыстарына кірісті. Ол мал болуы мүмкін аумақтарды тексеріп, ауыл маңын шолып шықты. Нәтижесінде жоғалған 17 бас қой Бесқарағай ауылынан жеті шақырым жердегі Ертіс өзенінің жайылмасынан табылды.

Малдың жоғалуы отбасы үшін үлкен алаңдаушылық туғызған еді. Полицейдің жедел әрекеті мен жанашырлығына ризашылығын білдірген Есемғазы Ардах оған алғыс айтып, арнайы бейнеүндеу жазды.

Бұл оқиға учаскелік полиция инспекторының қызметі құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етумен ғана шектелмейтінін көрсетеді. Оның маңызды міндеттерінің бірі – қиын сәтте тұрғындарға қолдау көрсетіп, азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою және туындаған мәселелерді шешуге көмектесу.

Тұрғындардың шынайы алғысы – полиция қызметкерлеріне деген сенімнің айқын көрінісі әрі олардың халық игілігі жолындағы күнделікті еңбегіне берілген баға.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру