Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысындағы ҚАЖД мекемесінде электр қалқандарын құрастыратын жаңа өндіріс іске қосылды

Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №31 мекемесінде өндірістік секторды дамыту және сотталғандарды еңбекпен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Осы бағыттағы кезекті жоба ретінде 1 шілдеден бастап мекеменің тұрғын аймағында "220 VOLT" ЖШС-нің өндірістік учаскесі жұмысын бастады. Мұнда корпустық электр қалқандарын құрастыру жолға қойылған.

Жаңа өндірістік учаске сотталғандардың жеке еңбек қызметін ұйымдастыру мақсатында ашылды. Бұл жоба жазасын өтеп жатқан азаматтарға табыс табумен қатар, еңбек дағдыларын меңгеріп, кәсіби тәжірибе жинақтауға және бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға қайта бейімделуге мүмкіндік береді.

Өндірісті орналастыру үшін кәсіпорынға көлемі 30 шаршы метр болатын арнайы үй-жай берілді. Кәсіпорын басшысының жеке қаражаты есебінен ғимаратта косметикалық жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ішкі әрлеу жұмыстары толық аяқталды. Өндірістік орын заманауи құрал-жабдықтармен және қажетті аспаптармен қамтамасыз етіліп, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарына сай жабдықталған.

Қазіргі таңда өндірістік учаскеде сегіз сотталған еңбек етіп жатыр. Олар электр қалқандарын құрастыру бағытында тәжірибе жинақтап, еңбек тәртібі мен жауапкершілік дағдыларын қалыптастыруда.

"220 VOLT" ЖШС директоры Данияр Усабаев кәсіпорынның өндірісті одан әрі дамытуға және қылмыстық-атқару жүйесімен ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделі екенін атап өтті.

– Біз сапалы өндірістік үдерісті ұйымдастыру үшін барлық қажетті жағдайды жасадық. Бас бостандығынан айырылған азаматтардың тәжірибелік дағдыларды меңгеріп, еңбек тәжірибесін жинақтап, адал еңбек арқылы өмірін жаңа арнаға бұруына мүмкіндік беру біз үшін маңызды. Бұл жоба алдағы уақытта да дамып, жұмыс орындарының саны кезең-кезеңімен арта түсетініне сенімдімін, – деді Данияр Усабаев.

№31 мекеме басшылығының айтуынша, өндірістік секторды дамыту – қылмыстық-атқару жүйесінің маңызды бағыттарының бірі. Кәсіпкерлерді мекеме аумағында өндіріс орындарын ашуға тарту сотталғандарды еңбекпен қамтуға және олардың қайта әлеуметтенуіне қолайлы жағдай қалыптастырады.

– Сотталғандарды еңбекпен қамту – оларды түзеу процесінің маңызды құрамдас бөлігі. Еңбек адамды жауапкершілік пен тәртіпке үйретіп, кәсіби дағдыларын қалыптастырады және қоғамға қайта оралуға дайындалуына ықпал етеді. Сондықтан кәсіпкерлермен ынтымақтастықты кеңейтіп, жаңа өндірістік учаскелер ашуға ерекше көңіл бөлеміз, – деп атап өтті мекеме бастығы.

"220 VOLT" ЖШС өндірістік учаскесінің іске қосылуы – бизнес өкілдері мен қылмыстық-атқару жүйесі арасындағы өзара тиімді әріптестіктің нәтижесі. Мұндай жобалар өндірісті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және сотталғандардың еңбекке араласуы арқылы қоғамға қайта бейімделуіне мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру