СҚО-да жалған мемлекеттік нөмірмен жүрген жүргізуші ұсталды
СҚО-да жалған мемлекеттік нөмірмен жүрген жүргізуші ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
12 тамызда Мамлютка аудан орталығына қарай жол тартқан жүргізушілер ақ түсті Нива автокөлігін полиция қызметтік көліктерінің қуып келе жатқан сәтіне куә болды. Оқиға бейнежазбаға түсіп, кейін әлеуметтік желілерде тарады.
Полиция қызметкерлері аталған автокөлікті Воскресеновка ауылының маңында тоқтатты. Рөлде 42 жастағы ер адам болған. Оның айтуынша, полицияның тоқтау туралы талабынан "қорқып", бой тасалауға тырысқан.
Көлікке полиция қызметкерлерінің назары оның сыртқы көрінісі мен мемлекеттік тіркеу нөмірінің сәйкес келмеуіне байланысты аударылған. Тексеру барысында жүргізуші көлікті жөндеу кезінде шанағын өз бетінше ауыстырғанын түсіндірді.
Мұндай жағдайда көлік иесі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына жүгініп, автокөлікті қайта тіркеуден өткізуі тиіс еді. Алайда жүргізуші бұл талаптарды орындамаған.
Сонымен қатар ол полиция қызметкерлерінің көлікті тоқтату туралы заңды талабына бағынбай, бой тасалауға әрекет жасаған. Бұл әрекеті үшін оған әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза қолданылуы мүмкін.
Бұдан бөлек, жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін пайдаланғаны үшін де әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай құқық бұзушылық үшін 5 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу және көлік құралын басқару құқығынан 1 жылға айыру көзделген.
Полиция көлік иелерін автокөліктің құжаттары мен мемлекеттік тіркеу нөмірлерінің талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуге және заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
