Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда полиция телефон ұрлығын жедел ашты

Қарағандыға қонаққа келген 43 жастағы Шымкент тұрғынының сапары жағымсыз жағдаймен аяқталды. Ер адамның автокөлігінен құны 630 мың теңге тұратын телефон ұрланған, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Оқиға бойынша Әлихан Бөкейхан атындағы полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталып, ұсталды. Ол көршілес үйде тұратын 35 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.

Полицейлер күдіктінің тұрғылықты жеріне келген кезде, ол қылмысын мойындап, ұрланған телефонды тәртіп сақшыларына тапсырған.

Қазіргі уақытта ер адам сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезеңінде қамауда отыр. Полиция оның қала аумағында жасалған осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеріп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру