Атырауда жастарға дұрыс таңдау мен заңды өмірдің маңызы түсіндірілді
"Заң мен Тәртіп" қағидатын іске асыру және жастар арасында есірткі қылмысының алдын алу мақсатында Атырау облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері "Жасөспірімдер үйінің" тәрбиеленушілерімен профилактикалық кездесу өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара барысында жастардың белсенділігін арттырып, командалық рухын қалыптастыруға бағытталған түрлі ойындар мен сайыстар ұйымдастырылды. Қатысушылар өзара бақ сынасып, белсенділік танытты. Жеңімпаздар мен барлық қатысушыларға Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының атынан бағалы сыйлықтар табысталды.
Кездесу барысында полиция қызметкерлері жастарға есірткі қылмысының қауіптілігі, заңсыз жолмен ақша табудың салдары және күмәнді ұсыныстардан аулақ болудың маңызы туралы түсіндірді. Жастарға кез келген шешімнің болашаққа әсер ететінін айтып, заңды жолды таңдауға шақырды.
Полиция қызметкері болуды армандайтын 17 жастағы жасөспірімге де ерекше көңіл бөлінді. Оның мақсатына деген ұмтылысын қолдау мақсатында арнайы сыйлық – смарт-сағат табысталды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, есірткі қылмысына қарсы берік ұстаным қалыптастыру және олардың болашаққа сеніммен қарауына ықпал ету.
Жастардың дұрыс таңдауы – қауіпсіз қоғам мен жарқын болашақтың негізі.
