Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында оқу жылы қарсаңында балалардың қауіпсіздігіне бақылау күшейтілді

Қызылорда облысының полиция департаменті жаңа оқу жылы қарсаңында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында тиісті жұмыстарды күшейтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

“Назар аударыңыз, балалар!” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері білім беру ұйымдарының айналасындағы жол инфрақұрылымының жай-күйіне тексеру жүргізді. Атап айтқанда, бағдаршамдар, жол белгілері, жол таңбалары, жаяу жүргіншілер өткелдері және жасанды жол кедергілерінің талапқа сәйкестігі қаралды.

Тексеру нәтижесінде облыс орталығындағы бірқатар білім беру ұйымдарының маңында жол белгілерінің жеткіліксіздігі және жол таңбаларының өшіп, көрінбей қалғаны анықталды.

Қазіргі таңда облыста 999 білім беру ұйымы бар. Оның ішінде 320 мектеп, 28 колледж және 651 балабақша орналасқан. Білім беру ұйымдарының 962-сі көше-жол желісіне жақын орналасқан.

Қызылорда қаласындағы 96 мектептің маңында 102 жаяу жүргіншілер өткелі бар. Жаңа оқу жылы қарсаңында 61 мектептің айналасындағы жол белгілері мен жол таңбаларын, сондай-ақ жасанды жол кедергілерін қалпына келтіру мақсатында атқарушы органдарға 10 ұсыныс пен 45 нұсқама жолданды. Сонымен қатар тәуліктің қараңғы уақытында жаяу жүргіншілер өткелдерінің көріну деңгейін арттыру мақсатында заманауи лазерлік және жарықдиодты құрылғыларды орнату қажеттілігі анықталды.

Көлік ағынының артуына байланысты көлік құралдарының өткізу қабілетін арттыру үшін жекелеген учаскелерге бағдаршам қондырғыларын орнату қажеттілігі де белгіленді.
Анықталған кемшіліктерді жою бойынша Қызылорда қаласының әкімдігіне тиісті ұсыныстар жолданды. Бұл бағыттағы жұмыстар облыстың барлық аудандарында жүргізілуде.

Полиция жүргізушілерді білім беру ұйымдары маңында белгіленген жылдамдық режимін қатаң сақтауға, жаяу жүргіншілер өткелдерінде балаларға жол беруге және жол қозғалысына ерекше назар аударуға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру