Атырауда елге еңбегі сіңген ІІО ардагерінің есімі ұлықталды
Атырау қаласындағы Самал шағын ауданындағы көшелердің біріне Ұлы Отан соғысының және ішкі істер органдарының ардагері, елге еңбегі сіңген ардақты азамат Дүйсенбай Нысанғалиұлының есімі беріліп, салтанатты түрде ашылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл – елге адал қызмет еткен ардагердің есімін ұлықтап, өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа үлгі етуді мақсат еткен тағылымды бастама.
Салтанатты шараға Атырау облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Ешманов және ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты.
Жиында сөз сөйлегендер Дүйсенбай Нысанғалиұлының ел тыныштығын сақтауға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және ішкі істер органдарының дамуына қосқан үлесін атап өтті. Сондай-ақ оның өнегелі өмірі мен абыройлы қызмет жолы жас ұрпақ үшін үлкен тағылым екеніне тоқталды.
Ардагердің есімі берілген көше – елге қалтқысыз қызмет еткен азаматтың есімін ұлықтап, оның жарқын жолын кейінгі ұрпаққа дәріптейтін тағылымды орын болмақ.
