Қауіпсіз жол: Атырауда қарсы жолаққа шыққан жүргізушілер дрон арқылы анықталды
Атырау облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында заманауи технологияларды қолдану арқылы бақылау күшейтілді. Соның бірі – жол жағдайын әуеден бақылауға мүмкіндік беретін ұшқышсыз ұшу аппараттары, - деп хабарлайды Polisia.kz.
10 тамызда "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Доссор – Құлсары – Бейнеу республикалық маңызы бар автожолының 175-шақырымында дронның көмегімен жол қозғалысына бақылау жүргізілді. Нәтижесінде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған бірнеше жүргізуші анықталды.
Атап айтқанда, Hyundai Mufasa, Lada және Toyota Alphard автокөліктерінің жүргізушілері тұтас сызықты кесіп өтіп, "Басып озуға тыйым салынады" жол белгісінің талабын бұзған және қарсы қозғалыс жолағына шыққан.
Құқық бұзушылықтардың барлығы дрон камерасына түсіріліп, бейнетіркеу арқылы расталды. Аталған жүргізушілерге қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті әкімшілік шаралар қабылданды.
Айта кетейік, жыл басынан бері Атырау облысында дрондардың көмегімен жол қозғалысы ережелерін бұзудың 270-тен астам дерегі анықталған.
Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, әсіресе қарсы қозғалыс жолағына шығу сияқты қауіпті маневрлерге жол бермеуге шақырады.
Жолдағы қауіпсіздік – ортақ жауапкершілік. Ал тәртіп бұзушылықтар заманауи технологиялардың көмегімен әуеден де бақылауда.
