Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау облысында теңізде екі жасөспірімді құтқарған тұрғындар марапатталды

Маңғыстау облысы ПД бастығы теңізде жасөспірімдерді құтқарған Қызылөзен ауылының тұрғындарын марапаттады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

27 тамыз күні сағат 08:32 шамасында Қызылөзен ауылының теңіз жағалауында сапбордпен жүрген екі жасөспірімді қатты жел ашық теңізге қарай алып кеткен. Олар жағадан едәуір қашықтыққа ұзап кеткен.

Оқиға туралы білген ауыл тұрғындары Алмас, Ержан және Азамат уақыт жоғалтпастан көмекке аттанған. Қолайсыз ауа райына қарамастан, азаматтар жасөспірімдерге жетіп, оларды аман-есен жағаға алып шықты. Тұрғындардың жедел әрекеті мен бейжай қарамауының арқасында қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болды.

Бүгін Маңғыстау облысы ПД бастығы Сағындық Аяғанов құтқарушылармен жеке кездесіп, көрсеткен батылдығы, шешімділігі және көмекке келуге дайын болғаны үшін алғысын білдірді.

— Сіздердің бұл әрекеттеріңіз – нағыз азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Сын сағатта бейжай қалмай, дереу көмекке келіп, екі адамның өмірін сақтап қалдыңыздар, – деп атап өтті департамент бастығы.

Сағындық Аяғанов Түпқараған ауданының әкімі Ержан Күмісқалиевпен бірге азаматтарға алғыс хаттар, ІІМ эмблемасы бейнеленген қолсағаттары және естелік сыйлықтар табыстады.

Полиция департаментінің басшылығы Қызылөзен ауылының тұрғындарына ризашылығын білдіріп, олардың әрекеті батылдықтың, өзара көмектің және азаматтық жанашырлықтың лайықты үлгісі екенін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру