Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда учаскелік инспекторлары футбол алаңында бақ сынады

30 тамызда атап өтілетін Учаскелік полиция инспекторы күні қарсаңында Алматыда полиция департаментінің қызметтері мен аумақтық бөлімшелері арасында шағын футболдан турнир өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Жарысты ашқан Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов күн сайын халықпен тікелей жұмыс істейтін учаскелік инспекторлардың қызметіне ерекше тоқталды.

— Учаскелік инспектор – тұрғындар жеке танитын полиция қызметкері. Ол өзіне бекітілген аумақтағы жағдайды жақсы біледі, құқық бұзушылықтардың алдын алып, азаматтардың мәселелерін шешуге көмектеседі. Белгілі бір аумақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде оның кәсібилігі, жауапкершілігі және адамдармен тіл табыса білуі маңызды рөл атқарады, — деп атап өтті Айдын Кабдулдинов.

Турнир қорытындысы бойынша бірінші орынды Түрксіб аудандық полиция басқармасының қоғамдық қауіпсіздік бөлімі иеленді. Екінші орын Алмалы аудандық полиция басқармасының қоғамдық қауіпсіздік бөліміне бұйырса, үшінші орын Медеу аудандық полиция басқармасының қоғамдық қауіпсіздік бөліміне берілді.

Жеке номинациялар бойынша үздіктер де анықталды. “Үздік қақпашы” номинациясын Айбат Темірханов, “Үздік ойыншы” атағын Асан Еркінжан, ал “Үздік шабуылшы” номинациясын Байдәулет Тұрғын иеленді.

Іс-шара спорттық бәсекемен қатар, қызметкерлер арасындағы командалық рухты нығайтып, ауызбіршілік пен өзара сенімді арттыруға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру