ҚХР азаматы Қазақстан полицейлеріне алғыс айтты
Абай облысының Мақаншы ауданында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау бағытында тиісті профилактикалық іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Жол бойында көлік жүргізушілері тоқтатылып, олардың жағдайы тексеріліп, жол қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осындай кезекті іс-шара барысында полиция қызметкерлері ұзақ жолдан келе жатқан шетелдік автокөлікті тоқтатты. Қытай Халық Республикасының азаматтарымен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, олардың жолдағы қауіпсіздігіне назар аударылды.
Сондай-ақ тәртіп сақшысы ҚХР азаматымен ешқандай аудармашының көмегінсіз еркін диалог құрып, жолда абай болуды, жылдамдықты асырмауды және қажет болған жағдайда тынығып алуын жеткізді.
Полиция қызметкерлерінің түсіндіру жұмыстары нәтижесінде шетел азаматтарына жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптары жеткізіліп, сапарын әрі қарай қауіпсіз жалғастыруына жағдай жасалды.
– Осы сапар барысында ауданның полиция қызметкерлерімен кездестік. Олар біздің денсаулығымызға үлкен көңіл бөліп, жағдайымызды сұрап, жолдағы қауіпсіздікке қатысты маңызды кеңес берді. Бізге үлкен қолдау көрсетіп, сапар барысында абай болуымызды ескертті.
Біз үшін бұл – күтпеген әрі маңызды көңіл бөлу болды. Сапарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген Мақаншы ауданының полиция қызметкерлеріне зор құрметімізді білдіреміз.
Полиция қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалаймыз, – деді шетелдіктер.
