Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Адалдықпен өрілген еңбек жолы

Ішкі істер органдарында қызмет ету білім мен біліктілікті, сабыр мен төзімді, қажыр-қайратты талап етеді. Ең бастысы – Отанға берген антына адал болып, қызметтік міндетті абыроймен атқару, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде осы талаптарды берік ұстанып, ел тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігі жолында еңбек етіп жүрген қызметкерлер аз емес. Олардың қатарында мол тәжірибе жинақтаған мамандармен бірге, кәсіби жолын сеніммен жалғастырып келе жатқан азаматтар да бар.

Солардың бірі – әділет майоры Жеңіс Ернияз. Қылмыстық-атқару жүйесі саласында 15 жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп келе жатқан ол кәсіби жолын қатардағы маманнан бастап, жауапты лауазымдарға дейін көтерілген.

Мақан Есболатов атындағы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Алматы академиясын тәмамдаған Жеңіс Бақытұлы еңбек жолын Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінің анықтау саласында бастаған. 2015 жылдан бастап қылмыстық-атқару жүйесінде түрлі жауапты қызметтерді атқарды. Қызылорда қалалық пробация қызметі бөлімінің аға инспекторы, бөлім бастығы, жедел бөлімнің жедел уәкілі, мекеме бастығының орынбасары қызметтерінде тәжірибе жинақтап, кәсіби біліктілігін шыңдады. Бүгінде №37 мекеме бастығының орынбасары лауазымында қызмет атқарады.

Жеңіс Бақытұлының мамандық таңдауына бала күнгі арманы мен отбасында алған тәрбиесі әсер етті. Дәрігерлер отбасында дүниеге келген ол жастайынан нысанды киім киіп, елге қызмет етуді армандаған. Әкесі Бақыт Омаров отыз жылға жуық дәрігер-хирург болып еңбек етіп, өз ісіне адалдығымен ұлдарына үлгі болған.

– Әкем де, анам да Гиппократ антына адал болып, халыққа қызмет етті. Екеуі де медицина саласында абыройлы еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты. Менің құқық қорғау саласын таңдауымды ата-анам қолдады. Әкем де осы жолға түсуіме қарсы болған жоқ. Өкінішке қарай, әкем өмірден ерте кетті. Дегенмен оның маған берген тәрбиесі мен айтқан ақыл-кеңесі әлі күнге дейін жол көрсетіп келеді. Әкемнен алған өнегені өмірлік ұстанымым деп білемін, – дейді Жеңіс Бақытұлы.

Әке тәрбиесін бойына сіңіріп, адалдық пен жауапкершілікті өмірлік қағидасына айналдырған Жеңіс Бақытұлы бүгінгі қызметінде де осы ұстанымынан айнымай келеді. Ол – белгілі дәрігер, медицина саласының үздігі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері, Сырдария ауданының, Қызылорда қаласының және Қызылорда облысының құрметті азаматы Ернияз Омаровтың немересі. Атасының ел алдындағы абыройлы жолы мен әкесінің өнегесін бойына сіңірген ол өзі таңдаған салада адал қызмет етіп, кәсіби міндетіне жауапкершілікпен қарайды.

Қызметке адалдық – бір күнде қалыптаспайтын, жылдар бойы шыңдалатын қасиет. Ал Отанға қызмет етуді өмірлік мұратына айналдырған жандар үшін погон тағу – мәртебе ғана емес, үлкен жауапкершілік. Жеңіс Бақытұлының еңбек жолы – осы ұстанымның айқын көрінісі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру