Ұлытау облысында полицейлер оқушыларға қауіпсіздік ережелерін түсіндірді
1 қыркүйек – Білім күніне орай Ұлытау облысында полицейлер өңірдегі бірқатар мектепке барып, оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Салтанатты жиындарда полиция қызметкерлері балаларға сәтті оқу жылын, жаңа жетістіктер мен жарқын белестер тіледі. Әсіресе мектеп табалдырығын алғаш аттаған бірінші сынып оқушыларына ерекше көңіл бөлінді.
Кездесу барысында балалардың қауіпсіздігіне қатысты маңызды мәселелер де назардан тыс қалмады. Оқушыларға жол қозғалысы ережелерін сақтау, бейтаныс адамдармен қарым-қатынаста сақ болу және интернет қауіпсіздігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар полицейлер “Жас сақшы” сыныптарының оқушыларымен кездесіп, құқық қорғау саласына қызығушылық танытқан жасөспірімдермен пікір алмасты. Оларға тәртіп пен жауапкершіліктің, заңды құрметтеудің және елге адал қызмет етудің маңызы түсіндірілді.
Білім күні қарсаңында және жаңа оқу жылының алғашқы күндерінде облыс полицейлері білім беру ұйымдарының маңында қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етті.
Балалардың қауіпсіздігі – полицияның басты басымдықтарының бірі.
