Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында полицейлер кішкентай жол қатысушыларына жол қауіпсіздігін үйретуде 

Абай облысында полицейлер кішкентай жол қатысушыларына жол қауіпсіздігін үйретуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жаңа оқу жылы – балалар үшін жаңа білімнің, жаңа достардың және жаңа әсерлердің бастауы. Ал ата-ана мен ұстаз үшін ең басты міндеттердің бірі – оқушылардың мектепке қауіпсіз барып, үйлеріне аман оралуын қамтамасыз ету.

Осы мақсатта Абай облысының полиция қызметкерлері жаңа оқу жылының алғашқы күндерінен бастап мектептер маңындағы жол қозғалысын бақылауды күшейтіп, балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуда.

Полиция қызметкерлері білім беру ұйымдарының жанында кезекшілік атқарып, жаяу жүргіншілер өткелдерінен балалардың қауіпсіз әрі дұрыс өтуіне көмектесуде. Әсіресе таңғы уақытта мектепке асыққан оқушылардың жолдан өту тәртібіне баса назар аударылып, жүргізушілерге де барынша сақ болу қажеттігі ескертілді.

Сонымен қатар полицейлер оқушылармен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жол қозғалысы ережелерін еске салды. Балаларға: жолды тек жаяу жүргіншілер өткелі арқылы және белгіленген жерден өту; бағдаршамның рұқсат беретін белгісін күту; жолға шығар алдында екі жаққа мұқият қарау; көлік жүретін бөлікте телефонға алаңдамау; жол жиегінде және көлік маңында ойнамау; қараңғы уақытта жарық шағылыстыратын элементтері бар киім немесе аксессуарларды пайдалану қажеттігі түсіндірілді.

Балаларға жолдағы қауіпсіздік – бір күндік науқан емес, күнделікті дағды екені айтылды. Себебі жол ережесін білу жеткіліксіз, оны әр уақытта сақтау маңызды.

Жүргізушілерге де үндеу: мектептер мен балабақшалар орналасқан аумақтарда жылдамдықты төмендетіп, жаяу жүргіншілерге жол беріп, жол бойындағы балаларға ерекше назар аударыңыздар.

Ал ата-аналарға балаларымен бірге мектепке дейінгі бағытты бірнеше рет пысықтап, жолдан өту ережелерін күн сайын еске салып отырған жөн. Балаға қауіпсіз мінез-құлықты үйрету – отбасыдан басталады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру