Жетісу облысында ЖИ пробациялық бақылаудағы тұлғаларды анықтауға көмектесуде
Жетісу облысында ЖИ пробациялық бақылаудағы тұлғаларды анықтауға көмектесуде, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысында полиция қызметіне заманауи цифрлық технологияларды енгізу жұмыстары жалғасуда. Соның бірі – жасанды интеллект алгоритмдеріне негізделген бейнебақылау және тұлғаны бет-әлпеті арқылы тану жүйесі.
Жыл басынан бері сегіз ай ішінде аталған жүйе 82 сәйкестікті анықтаған. Жүргізілген тексеру нәтижесінде олардың 23-і расталды.
Атап айтқанда, 13 азамат пробациялық бақылауда тұрған, 2 тұлға бұрын қылмыс жасаған, 1 адам іздеуде болған, 5 азамат борышкерлер қатарында, ал тағы 2 жағдайда өзге де құқық бұзушылықтар анықталған.
Жүйе бейнебақылау камераларынан түсетін ақпаратты автоматты түрде талдап, азаматтардың бет-әлпетін қолданыстағы ақпараттық базалардағы мәліметтермен салыстырады. Ықтимал сәйкестік анықталған жағдайда ақпарат полиция қызметкерлері тарапынан қосымша тексеріледі.
Бұл технология құқық қорғау органдарының назарына іліккен тұлғалардың жеке басын қысқа мерзімде анықтауға және тиісті шараларды жедел қабылдауға мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект технологияларын пайдалану полиция жұмысының тиімділігін арттырып, құқық бұзушылықтарға жедел ден қоюға және өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Цифрлық шешімдерді құқық қорғау қызметіне енгізу – заманауи технологияларды тиімді пайдалану арқылы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы маңызды қадамдардың бірі.
