БҚО ПД-да мемлекеттік тіл мен отбасы құндылықтары дәріптелді
5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күніне орай Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінде "Til Quest" форматында ерекше интеллектуалдық сайыс өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Шараның басты ерекшелігі – қызмет барысында танысып, тағдырын тоғыстырған полиция қызметкерлері мен олардың жұбайларының бір команда болып бақ сынауы.
Сайыстың ашылуында ПД бастығының орынбасары Қадыржан Сағын мемлекеттік тілдің Ту, Елтаңба, Әнұранмен қатар елдігімізді айқындайтын маңызды құндылық екенін атап өтті. Сондай-ақ ол қызмет пен отбасылық өмірді қатар алып жүрген жұптардың басын қосқан бұл бастаманың маңыздылығына тоқталды.
Күнделікті қызметте бір сапта жүрген ерлі-зайыптылар бұл жолы да бір команда болып, білімдері мен тапқырлықтарын ортаға салды. Қатысушылар фразеологизмдерді ребус арқылы шешіп, көнерген сөздер мен тарихи тұлғаларды таныды. Сонымен қатар әлем әліпбиі, кино және логикаға негізделген түрлі қызықты тапсырмаларды орындап, шапшаңдық пен өзара үйлесімділіктерін көрсетті.

Бес отбасылық жұптың білімін, тапқырлығын және бір-бірін толықтыра білу қабілетін сынға салған сайыс мемлекеттік тілді дәріптеу мен отбасы құндылықтарын насихаттауды ұштастырған мазмұнды шараға айналды.
Шара соңында белсенділік танытқан қатысушылар полиция департаменті бастығының Алғыс хаттарымен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
