Оралда "Жас сақшылар" үшін тағылымды демалыс ұйымдастырылды
Жазғы демалысты мазмұнды әрі қызықты өткізу – жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастырудың маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті мен облыстық Білім басқармасының ұйымдастыруымен Орал қаласындағы "Жас сақшы" полиция сыныптарының оқушыларына арналған бір күндік танымдық-сауықтыру шарасы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Таңғы сағат 08:00-де Б.Момышұлы атындағы №46, Ә.Молдағұлова атындағы №38 және №52 жалпы орта білім беретін мектептерден жиналған 30 оқушы "Атамекен" балалар лагеріне жол тартты.
Балаларды лагерьде мазмұнды бағдарлама күтіп тұрды. Демалыс барысында оқушылар квадроцикл мен самокат теуіп, өзенде қайықпен серуендеді. Ал "Жасанды жартас" (скалодром) кешенінде олар өз мүмкіндіктерін сынап, батылдық пен табандылықтарын танытты.
Спорттық сайыстар да шараның ажырамас бөлігіне айналды. Футбол және волейбол алаңдарында тартысты ойындар өтіп, жас сақшылар командалық рух пен өзара қолдаудың маңызын сезінді.
Шара тек ойын-сауықпен шектелген жоқ. "Идеологиялық жоспар" аясында полиция қызметкерлері мен ұстаздар оқушылармен заң мен тәртіптің маңызы, жауапкершілік және отансүйгіштік тақырыптарында тағылымды сабақтар өткізді. Мұндай кездесулер жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, болашақ мамандықтарына деген қызығушылығын да нығайта түсті.
Кешкі уақытта ұйымдастырылған "Kinotime балаларға күн бойғы әсерлерімен бөлісіп, өзара пікір алмасуға мүмкіндік берді. Ал демалыстың ең әсерлі сәттерінің бірі – кешкі алау басындағы басқосу болды. Лаулаған оттың айналасына жиналған оқушылар бір күн ішінде бастан өткерген қызықты оқиғаларын айтып, естеліктерімен бөлісті.
Бір күнге созылған сапар жас сақшылар үшін көңілді демалыс қана емес, достықты нығайтып, жаңа қырларын танытуға мүмкіндік берген ерекше шараға айналды. Балалар лагерьден көтеріңкі көңіл күймен, жарқын әсер және ұмытылмас естеліктермен аттанды.
Осындай тағылымы мол кездесулер жас ұрпақтың бойында тәртіпке, жауапкершілікке, елжандылыққа деген құндылықтарды қалыптастырып, олардың болашақта ел тыныштығын күзетер азамат болып қалыптасуына жол ашады.
