Қызылорда облысында “Тәртіпті ұрпақ – қауіпсіз болашақ” тақырыбында ашық талқылау алаңы ұйымдастырылды
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында “Тәртіпті ұрпақ – қауіпсіз болашақ” тақырыбында ашық талқылау алаңы ұйымдастырылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамда заң мен тәртіп қағидатын нығайту, жас ұрпақ тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігін арттыру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу.
Ашық пікірталасқа ауданның ақсақалдары, полиция қызметкерлері, мешіт имамдары, асабалар, әлеуметтік желі белсенділері, бейнетүсірілім мамандары және белсенді жастар қатысты.
Кездесу барысында қатысушылар бала тәрбиесі, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, ата-аналардың жауапкершілігі және қоғамдағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мәселелерін ортаға салды.
Сонымен қатар қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі – той-жиындар кезінде ұйымдастырылатын көлік кортеждері талқыланды. Қатысушылар мұндай кортеждердің жол қозғалысына кедергі келтіріп, жол-көлік оқиғаларының орын алу қаупін арттыратынын атап өтті.
Осыған байланысты той кезіндегі көлік кортеждерін тоқтату, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау және қоғамдық қауіпсіздікке басымдық беру жөнінде ұсыныстар айтылды.
Жиын барысында қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек полицияның ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті екені атап өтілді.
Әсіресе жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру, олардың бойында заңға құрмет пен жауапкершілік қағидаттарын қалыптастырудың маңызы ерекше екені айтылды.
Қатысушылар қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдар, ата-аналар, дін өкілдері, жастар және азаматтық қоғам арасында өзара түсіністік пен бірлескен жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.
