Тіл — ұлттың жаны: Павлодарда білім бәсекесінде полицейлер де бақ сынады
Павлодар облысында полицейлер Тілдер күніне орай ұйымдастырылған сайысқа қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Тіл – ұлттың рухани өзегі, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан болмысын бойына сіңірген асыл мұра. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, оның қадір-қасиетін ұлықтау – елдігімізді айшықтайтын маңызды міндеттердің бірі.
Қазақстан халқының Тілдер күніне және ұлт ұстазы, көрнекті ағартушы, ғалым әрі тілтанушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай Павлодар облысының Ертіс ауданында "QUIZ" форматындағы интеллектуалдық сайыс ұйымдастырылды.
Танымдық шараға аудан аумағындағы түрлі ұйымдардың қызметкерлерінен құралған 9 команда қатысып, білімдері мен зеректігін, тапқырлығы мен шапшаңдығын ортаға салды. Білім додасынан Ертіс аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері де шет қалмай, өз командасымен сынға түсті.

Сайыс бірнеше бағытты қамтыды. Қатысушылар қазақ тілі мен әдебиеті, тарих, салт-дәстүр, жалпы білім және логика бойынша түрлі деңгейдегі сұрақтарға жауап берді. Әр кезең командалардың тек білімін ғана емес, ұйымшылдығы мен бірлесе жұмыс істей білу қабілетін де сынға салды.
Кейбір сұрақтар қатысушыларды бір сәтке ойландырып, жылдам шешім қабылдауды талап етсе, енді бірі тарихи деректер мен ұлттық құндылықтарға қатысты білімді саралауға мүмкіндік берді. Осылайша интеллектуалдық ойын тартысты бәсекеге ұласып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Полиция қызметкерлері үшін мұндай шаралар кәсіби міндеттен бір сәт сергіп, әріптестермен етене араласуға ғана емес, таным көкжиегін кеңейтуге де мүмкіндік береді.
- Мұндай тағылымды әрі мазмұнды шаралар қызметкерлердің білім көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, әріптестік байланысты нығайтып, мемлекеттік тілге деген құрметті арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар интеллектуалдық ойындар ұжымның ауызбіршілігін арттырып, әріптестерді жаңа қырынан танытуға мүмкіндік береді, — деді Павлодар облысы Ертіс ауданы полиция бөлімінің жедел басқару орталығының аға инспектор-кезекшісі Марат Жүсіпбаев.
Сайыс соңында белсенділік танытып, интеллектуалдық додаға қатысқан Ертіс аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне аудан әкімдігінің ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі атынан Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Тілге құрмет – елге құрмет. Ал мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктетуге бағытталған осындай тағылымды шаралар ұлттық құндылықтарды дәріптеп қана қоймай, қоғамдағы өзара түсіністік пен бірлікті нығайтуға да қызмет етеді.
