Абай облысында "Мотоцикл" іс-шарасы аясында 288 құқық бұзушылықтың жолы кесілді
Абай облысында «Мотоцикл» іс-шарасы аясында 288 құқық бұзушылықтың жолы кесілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
4-6 қыркүйек аралығында Абай облысының аумағында мотоцикл, мопед және өзге де мотокөлік құралдарының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған "Мотоцикл" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – екі дөңгелекті көлік құралдарын басқаратын жүргізушілер арасында жол қозғалысы ережелерін сақтау мәдениетін арттыру, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ жүргізушілер тарапынан жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу.
Жедел-профилактикалық іс-шара барысында полиция қызметкерлері мотокөлік құралдарының жүргізушілеріне тексеру жұмыстарын жүргізді.
Әсіресе көлік құралдарының белгіленген тәртіппен тіркелуі, мемлекеттік тіркеу нөмірінің болуы, қажетті құжаттардың болуы, жүргізушінің көлік құралын басқару құқығы, техникалық жағдайы және жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарының сақталуына баса назар аударылды.
Іс-шара қорытындысы бойынша облыс аумағында барлығы 288 құқық бұзушылықтың жолы кесілді.
Атап айтқанда: мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ немесе белгіленген тәртіппен тіркелмеген көлік құралын басқару бойынша – 88; мемлекеттік немесе міндетті техникалық байқаудан өтпеген көлік құралдарын басқару бойынша – 14; жолаушылар мен жүктерді тасымалдау талаптарын сақтамау, қауіпсіздік белдіктері мен мотошлемдерді пайдалану ережелерін бұзу бойынша – 62; көлік құралын басқару құқығы жоқ адамның көлік басқаруы бойынша – 64; мопедтер мен электровелосипедтер жүргізушілері тарапынан жол қозғалысы ережелерін бұзу бойынша – 54 факті.
Сонымен қатар тіркеуден өтпеген мопедтерді басқарған жүргізушілер тарапынан жасалған 15 жол қозғалысы ережесін бұзу фактісінің алды алынды. Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 74 көлік құралы арнайы айып тұрағына орналастырылды.
Полиция мұндай профилактикалық іс-шаралардың негізгі міндеті – құқық бұзушылық жасаған тұлғаларды анықтау ғана емес, ең алдымен жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру екенін еске салады.
