Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тыныштықты күзеткен учаскелік инспектор

Бір қарағанда, учаскелік полиция инспекторының жұмыс күні қарапайым көрінуі мүмкін. Алайда оның әр күні – сан түрлі жағдай мен адам тағдыры тоғысатын жауапты қызмет.  Солардың бірі – полиция қызметкері Анварбек Сағыныш. Ол Абай облысы ПД Семей қаласы полиция басқармасы Затон полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы болып қызмет атқарады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Учаскелік инспектордың жұмысы кабинетпен шектелмейді. Оның негізгі қызметі – халықпен етене араласу, аумақты аралау, тұрғындардың өтініштерін тыңдау және құқық бұзушылықтардың алдын алу. Кейде дер кезінде айтылған ескерту немесе қарапайым әңгіме үлкен мәселенің алдын алуы мүмкін.

– Учаскелік инспектор болу – адамдармен жұмыс істеу деген сөз. Әр тұрғынның мәселесіне немқұрайлы қарауға болмайды. Кейде адамға заңды түсіндіріп, дұрыс бағыт көрсету арқылы үлкен мәселенің алдын алуға болады, – дейді полиция қызметкері.

Инспектордың күнделікті жұмысында күтпеген шақыртулар мен шұғыл тапсырмалар жиі кездеседі. Мұндай сәтте кәсіби тәжірибемен қатар сабыр мен жылдам шешім қабылдау қабілеті қажет.

Дегенмен учаскелік полиция қызметінің басты бағыты – болған құқық бұзушылықтың салдарымен күресу ғана емес, оның алдын алу. Осы мақсатта инспектор тұрғындармен профилактикалық кездесулер өткізіп, аумақты аралап, қауіптің алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

– Біздің міндет – тек заң бұзылған кезде шара қолдану емес. Ең маңыздысы – құқық бұзушылыққа жеткізбейтін жағдай қалыптастыру. Ол үшін халықпен тығыз байланыста болу қажет. Тұрғындар полицияға сеніп, өз мәселесін ашық айта алуы керек, – дейді Анварбек Сағыныш.

Оның пікірінше, учаскелік инспектор қызметіндегі басты құндылықтардың бірі – халықтың сенімі. Тұрғын полиция қызметкерінен көмек пен қолдау көріп, өзін қауіпсіз сезінсе, бұл – атқарылған жұмыстың ең маңызды нәтижесі.

Күн соңында қызметтік көлік тұраққа оралып, құжаттар реттелгенімен, учаскелік инспектордың жұмысы мұнымен аяқталмайды. Себебі оның қарауындағы аумақ – картадағы белгілі бір учаске ғана емес, жүздеген адамның күнделікті өмір сүретін ортасы.

– Әр күннің соңында "бүгін қандай жұмыс атқардым?" деп өзіңе есеп бересің. Егер біреуге көмектесіп, бір құқық бұзушылықтың алдын алып, тұрғынның мәселесін шешуге үлес қоса алсаң – еңбегіңнің нәтижесі сол, – дейді полицей.

Тыныштық өздігінен орнамайды. Оның артында халықпен тілдесіп, көшені аралап, тұрғындардың мәселесін тыңдап, қауіптің алдын алып жүрген учаскелік инспекторлардың күнделікті еңбегі бар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру