Қарағанды мен Астанада әскери және арнаулы оқу орындарының оқу-әдістемелік жиыны өтті
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ұйымдастыруымен әскери және арнаулы оқу орындарының оқу-әдістемелік жиыны өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңызды кәсіби іс-шара ІІМ Қарағанды академиясы мен ІІМ Басқару академиясының базаларында ұйымдастырылды. Жиынға Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Бас прокуратураның, Қорғаныс министрлігінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің және Ішкі істер министрлігінің орталық аппараттары мен ведомстволық жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.
Сондай-ақ іс-шара жұмысына Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері, Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Артур Еділханов, мемлекеттік бақылау және білім сапасын қамтамасыз ету саласының сарапшылары қатысты.

Жиынның негізгі мақсаты – әскери және арнаулы оқу орындарындағы білім беру сапасын арттыру, оқу-әдістемелік жұмысты жетілдіру, мемлекеттік бақылау талаптарын тиімді іске асыру және ведомстволық білім беру жүйесінде бірыңғай тәсілдерді қалыптастыру.
Іс-шара барысында білім беру қызметін мемлекеттік бақылау, білім сапасын қамтамасыз ету, оқу процесін ұйымдастыру, академиялық адалдық, ғылыми-әдістемелік жұмысты дамыту, оқытушылардың кәсіби әлеуетін арттыру және ведомстволық жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жетілдіру мәселелері талқыланды.
Қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, бақылау рәсімдері барысында кездесетін жүйелі мәселелерді саралады. Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері мен шақырылған сарапшылар білім беру сапасын бағалау талаптары, нормативтік-құқықтық өзгерістер және оқу-әдістемелік жұмысты ұйымдастыру бойынша түсіндірмелер берді.

Жиынның ерекшелігі – оған бір ғана ведомствоның емес, елдің қауіпсіздігі мен құқықтық тәртібін қамтамасыз ететін негізгі мемлекеттік органдардың және олардың ведомстволық оқу орындарының қатысуы. Бұл білім беру саласындағы ортақ мәселелерді бірлесіп талқылауға, тиімді тәжірибелерді енгізуге және өзара іс-қимылдың жаңа деңгейін қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Іс-шара жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтіп, қатысушылар үшін ашық пікір алмасуға және нақты кәсіби ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік берген маңызды алаңға айналды.
Жиын қорытындысы бойынша әскери және арнаулы оқу орындарының білім беру қызметін одан әрі жетілдіруге, оқу-әдістемелік жұмысты жүйелеуге және білім сапасын арттыруға бағытталған нақты ұсынымдар әзірленеді.

Аталған іс-шара Мемлекет басшысы жариялаған ведомстволық білім беру жылындағы міндеттерді іске асыруға бағытталған. Сонымен қатар ол Ішкі істер министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі арасындағы, сондай-ақ әскери және арнаулы мемлекеттік органдар арасындағы ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосты.

