Жетісу облысында полиция қызметкерлері бельгиялық туристке көмектесті
Жетісу облысында полиция қызметкерлері Алматы – Өскемен тасжолында бельгиялық туристке көмек көрсетті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысы полиция департаменті патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Алматы қаласына бағыт алған Бельгия азаматына көмек көрсетті.
Алматы – Өскемен республикалық автожолының 504-шақырымында шетелдік турист полиция қызметкерлеріне жол бағытын анықтауға көмек сұрап жүгінген. Полицейлер оған баратын бағытын егжей-тегжейлі түсіндіріп, қажетті жолды көрсетіп, сапарын еш қиындықсыз жалғастыра алатынына көз жеткізді.
Сондай-ақ тәртіп сақшылары қарапайым, бірақ маңызды нәрсеге – жолдағы адамның суына да назар аударып, туристке ауызсу ұсынды.
Турист полиция қызметкерлеріне көрсеткен көмегі, ықыласы мен жылы қарым-қатынасы үшін шын жүректен алғысын білдірді. Ол Қазақстанның қонақжайлығын атап өтіп, еліміз туралы жақсы әсер алғанын жеткізді.
Полицейлер үшін бұл күнделікті қызмет барысында болған шағын ғана оқиға болуы мүмкін. Алайда туған елінен жырақта жүрген адам үшін мұндай қолдау үлкен мәнге ие.
Осындай қарапайым адамгершілік пен қамқорлықтан елдің қонақжайлығы, оның халқының мәдениеті мен қонақтарға деген құрметі қалыптасады.
Полиция қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, жолда қиындыққа тап болған азаматтарға, соның ішінде шетелдік қонақтарға да қажетті көмек көрсетіп келеді.
