Маңғыстауда оқу орындарының қауіпсіздігі полицияның жіті бақылауында
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – Маңғыстау облысы полиция департаменті жұмысының басым бағыттарының бірі. Жаңа оқу жылының басталуына байланысты өңірдегі білім беру ұйымдарының қауіпсіздік жүйелерінің жай-күйіне ерекше назар аударылуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция департаменті басшылығының тапсырмасымен мектептерде, балабақшалар мен колледждерде орнатылған бейнебақылау камераларының, дабыл түймелері мен турникеттердің жұмыс істеу жағдайы тексерілуде. Негізгі мақсат – қауіпсіздік құралдарының тек орнатылуын ғана емес, олардың кез келген уақытта пайдалануға дайын әрі ақаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз ету.
Қазіргі таңда полицияның жедел басқару орталықтарына 221 мектептің 89-ы қосылған. Оларда 5 345 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Сондай-ақ 449 балабақшаның 216-сы қосылып, оларда 8 593 камера, ал колледждерде 749 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді.
Бейнебақылау жүйелерінің жедел басқару орталықтарына қосылуы полиция қызметкерлеріне білім беру ұйымдарының аумағындағы жағдайды бақылауға, ықтимал қауіптер мен құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға және қажет болған жағдайда оқиғаға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар дабыл түймелері мен өткізу жүйелерінің жарамдылығына ерекше назар аударылуда. Аталған жүйелер балалар мен педагогтердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қосымша қорғаныс құралдары болғандықтан, олардың үнемі жарамды күйде болып, кез келген уақытта пайдалануға дайын тұруы маңызды.
Тексеру барысында анықталған кемшіліктерді жою бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы полиция департаментінің бақылауына алынады.
Жүргізіліп жатқан жұмыстың басты мақсаты – әрбір баланың мектепте және басқа да білім беру ұйымдарында өзін қауіпсіз сезінуіне жағдай жасау.
