Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Арманға бастар қадам: Қызылордада сотталғандарға психологиялық тренинг өткізілді

Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде сотталғандарды қайта әлеуметтендіру, олардың психологиялық жағдайын тұрақтандыру және болашаққа деген оң көзқарасын қалыптастыру бағытында тәрбиелік жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Осы бағыттағы шаралардың бірі №37 мекемесінде ұйымдастырылды. Мекеме психологы Гүлжанат Шынарбаеваның бастамасымен жазасын өтеушілер арасында "Менің келесі қадамым" тақырыбында топтық психологиялық тренинг өтті.

Тренинг барысында түрлі психологиялық әдістер қолданылып, арт-терапия элементтеріне ерекше мән берілді. Сурет салу арқылы жазасын өтеушілерге өздерінің ішкі сезімдерін, ойларын, армандары мен алдағы мақсаттарын еркін жеткізуге мүмкіндік берілді.

Қатысушылар арт-терапияға белсенділік танытып, "Менің келесі қадамым" тақырыбында өз қиялындағы болашақты қағаз бетіне түсірді. Суреттерден олардың өмірге деген көзқарасы, арманы мен мақсаты көрініс тапты. Бірі отбасымен бақытты өмірді бейнелесе, енді бірі бостандыққа шыққаннан кейінгі жоспарын сурет арқылы жеткізді.

Мекеме психологы Гүлжанат Шынарбаеваның айтуынша, арт-терапия адамның ішкі жан дүниесін түсінуге және эмоцияларын еркін білдіруге мүмкіндік беретін тиімді әдістердің бірі.

- Арт-терапияның бір тәсілі – сурет салу. Адам өзін еркін сезінгісі келсе, сурет салу оған өз ойын ашық жеткізуге көмектеседі. Жазасын өтеушілер де сурет арқылы ішкі сезімдері мен ойларын білдіруге тырысады. Бұл әдіс олардың психологиялық жағдайын жақсартып, болашаққа деген сенімін арттыруға ықпал етеді, – деді психолог.

Тренингке қатысқан жазасын өтеушілердің бірі сурет салу арқылы өз арманын қағаз бетіне түсіріп, шараның өзіне оң әсер еткенін айтты.

- Сурет салу арқылы арманымды қағаз бетіне түсірдім. Бостандыққа шыққан соң үлкен үй салып, балаларыма жақсы тәрбие беріп, бақытты отбасы болғым келеді. Арманымды қағазға түсіргеннен кейін көңілім бір жеңілдеп қалды. Мекеме психологына алғысым шексіз. Бізге осындай шараларды жиі ұйымдастырып, психологиялық кеңестер беріп отырады,  – деді ол.

Мұндай психологиялық тренингтер сотталғандардың шығармашылық қабілетін дамытып қана қоймай, өз болашағын саралап, өмірлік мақсаттарын айқындауына да мүмкіндік береді. Ең бастысы – әр адамның өз өмірін өзгертуге деген талпынысын қолдап, қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасау.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру