Семейде оқушыларға буллинг пен интернет қауіпсіздігі түсіндірілді
Полиция қызметкерлері Семей қаласындағы №15 мектепте 60-тан астам оқушының қатысуымен профилактикалық кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, буллингтің алдын алу және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру.
Кездесу барысында полиция қызметкерлері буллингтің физикалық күш көрсету, қорқыту, кемсіту, мазақ ету, сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы қудалау түрінде көрінуі мүмкін екенін түсіндірді. Оқушыларға осындай жағдайға тап болған кезде үнсіз қалмай, ата-анасына, мұғалімге, мектеп психологына немесе полиция қызметкеріне жүгіну қажеттігі айтылды.
Сабақ ашық диалог форматында өтіп, оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Олардың бірі сыныпта оқушыны үнемі мазақтап, қысым көрсетілген жағдайда не істеу керектігін сұрады.
Полиция қызметкері мұндай жағдайға бейжай қарамау керектігін атап өтіп, жәбірленуші оқушыға қолдау көрсетіп, болған жағдай туралы сенімді ересек адамға хабарлаудың маңызын түсіндірді. Мамандардың айтуынша, көмек сұрау – әлсіздік емес, өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау.
Сонымен қатар мамандар интернеттегі қауіпсіздік мәселесіне тоқталды. Оқушыларға әлеуметтік желілерде жеке мәліметтерін жарияламау, бейтаныс адамдармен қарым-қатынас кезінде сақ болу және қорқыту сипатындағы хабарламалар алған жағдайда дер кезінде тиісті шара қабылдау қажеттігі ескертілді.
Полиция қызметкерлері буллингтің алдын алу тек полицияның емес, ата-ана, педагог және оқушының ортақ міндеті екенін атап өтті.
