"Ақша көзімді байлады": есірткі саудасына барған әйелдің өкініші
Қызылорда қалалық пробация қызметінің есебіне жуырда сот үкімімен бір әйел азамат алынды. Ол психотроптық заттарды өткізу, сондай-ақ оларды өткізу мақсатында заңсыз дайындау, сақтау, тасымалдау, жөнелту және өткізумен айналысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Оның айтуынша, 27 жасында сот үкімімен 11 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеген. Биыл сот шешімімен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 73-бабына сәйкес жазасының өтелмеген бөлігі неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстырылып, оған пробациялық бақылау белгіленген.
Қазіргі таңда пробация қызметі азаматшаның қоғамға қайта бейімделуіне бағытталған жұмыстар жүргізуде. Қызмет мамандарының көмегімен ол жұмысқа орналасып, өзіне қажетті құқықтық және медициналық қолдауға ие болды.
Өткен өміріне өкінішпен қарайтын азамат есірткі саудасына ақшаға деген қызығушылықпен барғанын жасырмайды.
– Ақшаға қызығып, есірткі сатумен айналыстым. Жеңіл жолмен тапқан ақшамды тек өз қажетіме жұмсадым. Есірткінің адам денсаулығына қаншалықты зиян екенін білдім. Басқа адамдарға зияным тиіп жатқанын түсінсем де, ақша көзімді байлады. Шын мәнінде, ештеңеден мұқтаж болған жоқпын. Қазір жасаған ісіме қатты өкінемін. Өткенді қайтара алмаймын. Бар арманым – жазамды өтеп, маған үміт артқан ата-анама көмектесу. Адал маңдай термен ақша тапқым келеді. Жастарға айтарым: жеңіл ақша ешқашан опа бермейді. Ақшаға қызығып, жас өмірлеріңізді құртпаңыздар. Мен өзім де қатты өкінемін, – дейді ол.
Бұл оқиға жеңіл жолмен табыс табудың соңы орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін екенін көрсетеді. Әсіресе жастар үшін есірткі қылмысына араласу – болашаққа балта шабумен тең. Бір сәттік қызығушылық адамның еркіндігінен айырылып, жақындарының қайғыруына және өмірінің күрт өзгеруіне себеп болуы мүмкін.
Прообация қызметінің негізгі міндеттерінің бірі – жазасын өтеп шыққан азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне ықпал ету, олардың заң талаптарын сақтап, дұрыс жолға түсуіне қолдау көрсету.
Бүгінде бұл азамат та өткенінен сабақ алып, жаңа өмір бастауға талпынып келеді. Оның басты мақсаты – заң бұзбай, адал еңбекпен өмір сүріп, ата-анасының сенімін ақтау.
Бұл – бір адамның тағдыры ғана емес, жеңіл ақшаға қызығудың қаншалықты ауыр салдарға әкелетінін көрсететін ащы сабақ. Есірткі қылмысы ешқашан оңай табыстың жолы емес. Оның соңы – бостандықтан, жақындардан және болашақтан айырылуға әкелуі мүмкін.
