Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында тыныштықты бұзғандар жауапқа тартылды

Павлодар облысында тыныштықты бұзғандар жауапқа тартылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар қаласының полициясына тыныштық пен азаматтардың тынығу құқығының бұзылуына қатысты көптеген шағым түседі. Өтініштердің бір бөлігі ұйымдардың қызметіне қатысты болса, негізінен, бұлар – қала орталығында орналасқан барлар, клубтар мен кафелер. Ал екінші бөлігі – тұрғындардың тыныштығын бұзатын жеке азаматтарға қатысты. Мәселен, көршісінің түнде музыканы қатты қоюы, айқай-шу шығаруы немесе жөндеу жұмыстарын жүргізуі.

2026 жылдың басынан бері Павлодар облысында тыныштықты бұзғаны үшін 4567 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мәселен, 6 қыркүйек күні сағат 00:21-де Теренкөл ауылының тұрғыны полицияға хабарласып, Сураганов көшесіндегі кафелердің бірінде музыканың қатты ойнап тұрғанын жеткізген. Сол түні сағат 02:00-де Ломов көшесіндегі көпқабатты үйдің тұрғыны полицияға жүгінген.

– Менің көршілерім – жас жұбайлар. Олардың үйінде үнемі қонақ болады. Олар уақыттың бір-бірін елемей, қатты музыка тыңдап, даурығып отырады. Ал мен амалсыздан шыдап жүрмін. Тыныштық сақтауды бірнеше рет сұрасам да, өтінішіме құлақ аспайды, – деп шағымданды егде жастағы әйел.

Тыныштықты бұзған азаматтарға қатысты полицейлер әкімшілік іс жүргізу бастап, отбасының барлық мүшелерімен тыныштық сақтау қажеттігі туралы профилактикалық әңгіме жүргізді.

Полиция тағы да еске салады: Қазақстанда түнгі тыныштық заңмен қорғалады. Жұмыс күндері сағат 22:00-ден 09:00-ге дейін, ал тұрғын үйлерде орналасқан ойын-сауық орындары үшін демалыс және мереке күндері сағат 23:00-ден 10:00-ге дейін тыныштықты бұзатын шуға жол берілмейді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру